загрузка...

Жамандықтан жиіркене қаштың да
Адалдыққа ашық қадам бастың да.
Балапаным, аман бол деп қорғайсың
Жұмақ кілті табаныңның астында.

Қарызымды қалай ғана өтермін
Ақымақтау мінезімді көтердің.
Қуанасың сәл биіктен көрінсем
Ана сенің тырнағыңа жетер кім.

Ана дейді жүрегім жарылардай
Еркелетсең мұңымнан арылардай.
Мейрамың құтты болсын мерейлеткен
Алыстан сәлем саған сағынардай.

Сізге деген тілегім таусылар ма
Әр тілек бар жаңбырлы тамшыларда.
Сансыз тілек тілеймін жақсылықтың
Әумин десін періште таң шығарда.

Әкеммен не көрсе де бірге көрген
Қиындықты жеңісіп бірге көмген.
Қуаныштың терегін бір көркейтіп
Шаңырақтың шыбығын бірге өрген.

Ана сізбен әдемі біздің үйде
Әдемі әнді ұластырар сәнді күй де.
Отасының ұйытқысы берекесі
100 жасаңыз әкемізбен мәңгі бірге!

Амандарым атойлаған тілегіңнен нәр алып
Сезімдерім серпіледі жүрегіңнен нәр алып.
Ана саған бар бақытты,бар бақытты тілеймін
Сенің арқаң жүргенім де адам болып саналып.

Мені әрқашан қолдаған бар ниетпен
Қос ішекті қосып тұрған тиекпен.
Бір сипасаң болғаны маңдайымнан
Жеңістердің таңы атады көк жиектен

Күлімдеген көздеріңе сүйсінем
Құшағыңда еркелеймін күн сіңген.
Жастан жасқа аса бергін, Анашым,
Баласының бар қылығыны түсінген.

Бастау болар бұлақтың көзі,
Мен үшін заңды Анамның сөзі.
Қолыңда сенің жібекке айналар
Қораштау көрінген матаның өзі.

Алақаның сенің бейне бір ғажап
Тұрса да оны қиындық қажап.
Осынау жеткен белесіңде енді
Көрмеші,Анам, ешқашан азап!

Мақтан етем жеткен биік-белесіңді
Еңсең неткен жоғары еді кеме сынды.
Айтқан сөзің ақылдың бұлағындай
Толтырып алсам деймін тегешімді.

Мен, сірә, бола алам ба дәл өзіңдей
Арман қуам түн баласы бір көз ілмей.
Саулығыңды тілеймін әр таңдарда
Мұң атаулы көшіп кетсін бір сезілмей.

Таттың өмір тәтті,ащы,кермегін,
Сонда да алға құлаш ұра сермедің.
Балаларың үшін желге тік қарап
Өмір-дауыл құрсауына бермедің.

Қарыздармын,сансыз сенің еңбегің,
Қайғырмасын балам деумен терледің.
Мың алғыс та айтсам саған аз болар
Ауырғанда көз ілместен емдедің.